Облыста биыл 2200 тонна балық еті өңделді. Дайын өнім негізінен еуропаға экспортталды. Өңірде осы саланы өркендету үшін асыл тұқымды балық шаруашылықтары құрылып жатыр. Жалпы аймақта балық өсіріп, етін өңдеуді 2030 жылға дейін 10 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Алақандай болып өскенге дейін мамандар арпалысып жұмыс істейді. Өйткені, уылдырықтан дернәсіл одан шабақ шығару өте күрделі құбылыс. Облыста балық өсірудің ғылыми жобасы жасалды.
Биыл жазда алғаш рет Ертіске бекіренің 500 шабағы жіберілді. Ал Зайсан мен Бұқтырма су қоймасына сазан, ақ амур және шортан балықтарының шабағы соңғы 4 жылда үздіксіз жіберіліп келеді.
Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030-жылдарға арналған бағдарламасын бекітті. Соған сәйкес шығыста 2030-жылға дейін 9774 тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда. 8578 тонна –форель, 1151 тонна – тұқы, 45 тонна – бекіре. Қазір облыста 16 балық шаруашылығы бар.
Жыл сайын өңірдегі өзен-көлдерден 2-3 мың тонна балық ауланып, 50 пайызы өңделеді. Қазір өңірде балық етін өңдейтін 4-5 зауыт бар. Олар жыл сайын бес жүз тоннадан астам өнімді Еуропаға экспорттайды.