Шаңғы – бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Денсаулық әрі ұзақ өмір кепілі. Облыс орталығында шаңғымен жүгіруден «Рождестволық жарыс» деп аталатын мерекелік сайыс өтті. Ссйысқа 100-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Қатысушылардың дені әуесқойлар.

Үміткерлердің жасына шектеу қойылған жоқ. Кәсіпқой спортшылармен қатар әуесқойлар да бабы мен бағын сынады. Сондықтан жарысқа жеті жасар бала мен жетпістегі қарияға дейін қатысуға ниет білдірген. Солардың бірі - Талғат Қашқымбаев мұндай жарыстарға бұған дейін де қатысқанын, жүлделі орын алғанын да айтты.

Жарыстың бас төрешісі Олег Переверзевтің айтуынша, сайыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Себебі, қатысушылар жас санатына қарай бірнеше топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады.

Өскемен қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған жарыстың мақсаты – облыс тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау.

Шаңғы жарысының жеңімпаздары дипломдармен марапатталды. Ең бастысы, тұрғындар таза ауада дем алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.