Өскеменде волейболдан 2008-2009 және 2010-2011 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында ел қысқы чемпионаты бастылды. Сайысқа 500-ден астам спортшы мен 40-қа жуық жаттықтырушы келген. Жарыс қорытындысы бойынша үздік атанған команда мамыр айында өтетін Азия біріншілігіне жолдама алады.

Шығыс өңіріне алғаш рет келгендердің құрамалардың бірі - «Қостанай» командасы. Олар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.

Қазіргі таңда өңірде волейболға ден қойған жастар қатары артып келеді. Сайыстың мақсаты да осы жас өрендердің дайындығын жетілдіріп, деңгейін өсіру. Бәсеке бар жерде спортшылардың ойыны да ширай түсері анық.

Республикалық турнирде 38 команда бақ сынасады. Олар алты күн бойы өзара кім мықтыны анықтайды.

Ел біріншілігін тамашалауға ниет еткендер үшін кіру тегін. Тартысқа толы ойындар Стаханов көшесі 3а, Абай даңғылы 10/1 және Шәкәрім даңғылы 1/2 мекен жайында өтеді.