Қаңтардың 18-і мен 19-ы аралығында Өскемендегі құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Бұл күндері православ христиандарының шоқыну мерекесі. Мамандар суға түспес бұрын денені қыздырып, жаттығу жасауға кеңес береді. Мерекеге орай, өңірде барлығы 17 шомылу орны әзірленген. Оны бақылауға 200 астам азамат пен 52 бірлік техника жұмылдырылады. Бұл туралы ТЖД мамандары өңірлік комуникациялар қызметінде өткен бифингте мәлімдеді.
Өскемен қаласы бойынша Ертіс өзенінің сол жағалау кешенінің аумағы және Аблакетка шағын ауданындағы Островский көшесі 14 мекенжайы бойынша екі арнайы орын белгіленген. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мамандар арнайы орындарды бақылауда ұстайды.
ТЖД мамандары белгіленген орындарға баспалдақтар, қоршаулар, жарықтандыру және жылыту шатырлары орнатылатынын айтады. Бұл жұмыстарды қалалық әкімдік ұйымдастырмақ.
Құтқарушылар мұз ойықтарына қауіпсіз кіруді және шығуды қамтамасыз етеді. Дегенмен, қауіпсіздік ережесін естен шығармаған абзал.
Діни мереке күні жедел құтқару жасағы, медицина және жергілікті полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.