Күршім ауданы бойынша 34 шағын орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ, Күршім ауылында екі балабақша бар. Сапалы білім беріп, үлгілі тәрбиемен айналысқан білім саласы қызметкерлері тағы бір жақсы істің куәгері болуға асық. Көктемде аудан орталығында тағы бір жаңа балабақша қолданысқа берілмек. Қазіргі бар ғимараттар да жаңа кейіпке еніп жатыр.
Өткен жыл аудан орталығындағы «Болашақ» балабақшасы үшін аса табысты жыл болды. Толықтай күрделі жөндеуден өткен мекеме қазір жарқырап тұр. 2012 жылы ашылған мектепке дейінгі тәрбие орынының тұтастай жаңартылғаны осы. Екіқабатты ғимарат 71 млн теңгеден асатын қаражатқа жөнделді. Ең бастысы іші жайлы, жылы. Ол үшін жылу батареялары жаңадан қойылып, жылу электр қазандығы толық ауыстырылған.
Күршімде қазір жұмыс істеп тұрған екі балабақшада жалпы саны 280 бүлдіршін тәрбиеленеді. Дегенмен, бұл алдағы жылдардағы ата-аналар сұранысын қанағаттандыра алмайды. Себебі, қазірдің өзінде 180 бала кезекте тұр. Әйтсе де түйткілдің шешімі бар. Әскери бөлімге тиесілі болған бұл ескі ғимарат аудандық білім бөліміне беріліп, жөндеу жүріп жатыр. Толық жөнделген соң балабақша 120 баланы мектепке дейінгі біліммен қамтиды.
Аудандық білім бөлімінің алдында тұрған мақсат – аудан орталығы ғана емес басқа ауылдардағы бүлдіршіндерді де 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту. Сала қызметкерлері бұл жоспарды біртіндеп орындап келеді.