Зайсанда ауа райының күрт жылынуы салдарынан жер асты суының деңгейі көтерілді. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, мұндай жайт соңғы 50 жылда тіркелмеген көрінеді. Су тасқынының алдын алу мақсатында аймақ басшысы Ермек Көшербаев Зайсан ауданына барып, оқиғаның мән-жайымен танысты. Тиісті шараларды қабылдау үшін арнайы кеңес өткізді.
Су тасқынының алдын алу үшін қазірден бастап жолдарды қардан тазалау, жол жиектерін ашу және су өткізу құрылыстарын тексеру туралы шешім қабылданды. Себебі, бұл нысандарда қар мен мұз бітеліп қалуы мүмкін.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Зайсан және Тарбағатай аудандарының әкімдеріне жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырды. Себебі, ақпан мен наурыз айларында жағдайдың қалай өрбитінін болжау мүмкін емес, сондықтан кез-келген жағдайға дайын болу қажет.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Төтенше жағдайлар мен Полиция департаментіне, құзырлы мекеме басшыларына су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді, білікті мамандармен бірлесе шешім қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, әрбір елдімекен үшін су тасқыны қаупінің картасы мен төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді. Облыс әкімі Ермек Көшербаев дәрі-дәрмек пен азық-түліктің қажетті қорын дайындау жөнінде де тапсырма берді.