Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы –Қазақстандағы жетекші медициналық мекемелердің бірі. Бүгінде онкологиялық орталыққа тек біздің елден ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Германия, АҚШ сынды шет мемлекеттерден де азаматтар келіп, ем алады. Бұдан бөлек, медициналық орталықта кешенді Check-up бағдарламасы бар.

Медициналық туризмді дамыту үшін онкологиялық диспансер үлкен дайындық кезеңінен өтті. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп айтуға болады. Ең алдымен сапалы қызмет етіп, орталықтың жұмысын жандандырған – орталықтың бетке ұстар мамандары. Жоғары білікті медициналық қызметкерлер дүние жүзінің жетекші клиникаларында жүйелі оқудан өтіп, тәжірибе жинады. Екіншіден, заманауи медициналық жабдықтар. Соңғы жеті жылда онкологиялық диспансер жоғары технологиялық құрылғылармен қамтамасыз етілді.

Өткен жылдың мамыр айынан бүгінге дейін онкологиялық диспансерде Қазақстанның әр өңірінен 130-дан астам адам медициналық көмек алды. Келушілердің көбі шығыс өңірі мен Астана қаласынан.Ал Абай ауданы, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Талдықорған қалаларының тұрғындары орталыққа хабарласып, сауалдарын жолдайды.

Алдағы уақытта орталық басшылығы ем-дом жүргізу жүйесін кеңейтіп, шетелдерден емделушілерді көбірек тарту үшін бірегей әдістерді енгізуді жоспарлап отыр.