Шығыс кентінде орталықтандырылған жылу қазандығын салу жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Алмат Ақышов кент тұрғындарымен өткен кездесуде айтып өтті. Жиында талқыланған өзге де мәселелер жайлы Нұртас Қайролдаев тарқатсын.
Алдағы уақытта Шығыс кентінде 25мВт қуаттылығы бар блок-модульды жылу қазандығын салу көзделген. Қазіргі уақытта қажетті қаражатпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асса 34 шақырымды құрайтын құбыр тартылып, 850 үй жылумен қамтылмақ.
Тұрғындарды толғандырған мәселелер легі де ауқымды. Азаматтар кентке ауыл статусы берілмегенін айтып, бұл түйіткілді ретке келтіру туралы өтініштерін жеткізді. Қалалық мәслихат депутаты Әскерхан Ақтай бұл кент болашағы үшін маңызды қадам, дейді.
Бұдан бөлек, су, жарықпен қамту, көшелерді ретке келтіру ісі де жүзеге аспақ. Ал абаттандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуін жергілікті әкімдіктен бөлек, тұрғындар да бақылауда ұстайды.
Кездесуде тұрғын үйді жекешелендіру, кәріз жүйесін салу мәселелері де көтерілді. Жиыннан соң қала әкімі Алмат Ақышев кент тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, көкейтесті сұрақтарына жауап берді.