Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берген еді. Басты мақалада елдің өркендеуіне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жазылып, атқарылуы тиіс шаралар легі айтылған болатын. Өткен аптада Алтай ауданында арнайы жиын өтті. Оған осы мақаладағы негізгі басымдықтар арқау болды. Аудан басшысы Ренат Құрмамбаев ардагерлер, аналар кеңесінің мүшелерімен және жергілікті халықпен кездесу өткізді.

Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталып, мұндай бастамалар ұрпақтар сабақтастығының мығым болуына негіз болатындығын жеткізді.

Бұл жиын аудан халқына жаңа бастамаларды қолға алып, толайым табысқа жетулеріне негіз болды. Биыл ауданда атқарылуы тиіс шаралар нақтыланып, жұмыс жоспары бекітілді. Маңызды деген салалар іріктелді.

Кездесуге жиналғандар ауданның өркендеуі жолында аянбай тер төгіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізу мақсатында еңбектенетіндерін жеткізді.

Жиын соңында облыс әкімі атынан ШҚО дамуына үлес қосқан Шаймардан Сатиев пен Наталья Салиенкоға «Құрметті ардагер» атағы берілді.Бұл күні аудан әкімі Ренат Құрмамбаев социалистік еңбек ері Павел Полянскиймен кездесті.