Ұлттық ұлан жасағы, жас сарбаздармен толықты. Өскемендегі 5518 әскери бөлімінің өрендері 1 ай бойы оқу жаттығудан өткен. Енді олар сап түзеп қала тыныштығын күзетпек. Ант қабылдап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға келген әскерилер жайлы әріптесім Кәусар Идаятқызы рет-ретімен.

Әскери ант. Офицерлер пәрмені.Платцтағы саптық жүріс. Бұл жауапкершілігі мол қызметтің басталып кеткендігінің нышаны. Енді бұдан былай босаңсуға болмайды. Әскери қызметтің машықтарын меңгерген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге тас-түйін дайын. Сарбаз тек офицерлердің пәрменін орындап қана қоймай, жан-жақты, саяси тұрғыдан сауатты,өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сайдың тасындай қатарда сап түзеген сарбаздың бірі - Жанарыс Ағыбаев. Ол – бала кезінен еліне қызмет етуді армандаған.

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімі 100-ге жуық жас сарбазбен толықты. Олардың дені басқа өңірден келгендер. Әскери бөлімінің тыныс тіршілігімен толық танысқан ата-аналар командирлермен тілдесіп, ұлдарының алдағы қызметі қалай өтетіні жайлы сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын ала алды. Бауыр еті баласының бір ай ішінде нағыз ер азаматқа айналғанын көрдік,дейді ата-аналар қауымы.

Білікті болу, білімді болу әр сарбазға міндет. Оқу-жаттығудан өткен жас жауынгерлер ант қабылдағаннан кейін артылған жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін түсінеді. Өскемен қаласының алдағы тыныштығы осы азаматтардың қолында.