«Казцинк» ЖШС-ның Өскемендегі металлургиялық кешенінің аумағында бірқатар ведомстволар мамандарының қатысуымен табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына қатысты тексеру жүргізілуде. Бұл өз кезегінде компания үшін экологиялық қауіпсіздікті қорғаудағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік. Баспасөз мәслихаты барысында «Казцинк» өкілдері кәсіпорын кез келген тексерулерге дайын әрі ашық екенін мәлімдеді. Компанияның алдағы жылдарға арналған табиғатты қорғау жөніндегі жоспарлары да сөз болды.
Бүгінгі таңда «Казцинк» халықаралық тәжірибеге де, өз әзірлемелеріне де сүйене отырып, өндірісте ең үздік қолжетімді технологияларды қолданады. Компания ШҚО-да мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін енгізген алғашқы ұйым болды. Келесі жылдан бастап үш арнайы қондырғы бір-бірден қосылып, күкірт диоксидін "өңдеп" оны тауарлық күкірт қышқылына айналдырады. Баспасөз мәслихаты барысында газ тазарту жобасының менеджері Михаил Трубач атап өткендей, атмосфераға таралатын шығарындылардағы күкірт диоксидінің жалпы көлемі 4%-дан аспайды.
Экскурсия барысында БАҚ өкілдері мыс өндірісінің газдарын утилизациялауға арналған «Lavalin» қондырғысын да көрді. Ол 2011 жылы іске қосылған. Бұл ең аз атмосфералық шығарындылар шығаратын ең озық технологияның бірі. Журналистерден бөлек заманауи қондырғылар жұмысымен Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің және басқа да бірқатар ведомстволардың мамандары ауқымды тексеру барысында егжей-тегжейлі танысты.
2026 жылдан 2028 жылға дейін компания мырыш, қорғасын және мыс зауыттарында газ тазарту жүйелерін салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Қазақстанда алғаш рет уытты емес және тиімділігі жоғары реагентті пайдалана отырып, пайдаланылған газдардан күкірт диоксидін алудың инновациялық технологиясы қолданылатын болады. Бұл шығарындыларды экологиялық кодекстің жаңа нормативтерімен белгіленген деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Казцинк» өкілдері экологиялық жауапкершілік - компанияның басты басымдығы екенін атап өтті. Озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізудің арқасында кәсіпорын қоршаған ортаға зиян әсерді азайтып қана қоймай, Қазақстандағы басқа компаниялар үшін үлгі болып отыр.