Өңірдің транзиттік әлеуеті жоғары. Бірнеше мемлекетпен шектесіп жатқан аймақ үшін инфрақұрылымның талаптарға сай болуы маңызды. Ал Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің ашылуы «Қытай - Қазақстан - Ресей» бағыты бойынша балама көлік дәлізін құрды. Бүгінде бірқатар аудандарда жолдар жаңартылып, жанармай құю станциялары, кемпингтер, сауда, қоғамдық тамақтану орындары, техникалық қызмет көрсету станциялары, күзетілетін тұрақ құрылуда. Мәселен, Шемонаиха қаласында Уба өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек тағы қандай бастамалар қолға алынады? Ол туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай және Зайсан аудандарының туристік әлеуетін арттыру үшін әуежай құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Жоспарға сай 2026 жылы Катонқарағай және Зайсан аудандарындағы әуежайлар іске қосылады.

2026 жылы құрылыс аяқталуы тиіс тағы бір нысан «Майқапшағай» өткізу пунктіндегі жүкті уақытша сақтау қоймасы. Жылына 180 мың тонна жүк сақтауға қауқарлы қойма іске қосылса, мамандар жүктерге кедендік құжаттарды ресімдеуге, тексеруге, оны Қытайдан Қазақстандық көлікке қайта тиеуге кететін уақыт қысқарады. Бұдан бөлек, Ертiс трансшекаралық өзенi арқылы iшкi су көлiгiнің мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Ресей арасында мультимодaльдық транзиттiк дәлiз құру мәселесі пысықталуда.

Бұл қадамдар шекара маңында орналасқан елдермен екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды нығайтып, аудандардың дамуына барынша мүмкіндік береді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.