Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жыл басынан бері 23 бала келіп түскен. Олардың 15-і ғана туыстарына қайта оралыпты. 8-і арнайы мекемелерге жіберілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева баяндады.
Облыста 1225 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала есепте тұр. Олардың басым бөлігі, яғни 882 бала қамқорлыққа немесе патронаттық тәрбиеге алынған. Ал 343 бала арнайы мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленуде.
Қиын жағдайға тап болған балаларды қорғау – маңызды мәселе. Егер ата-анасы өз міндетін атқара алмаса, баланың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қолданылады. Бұл ретте қорғаншылық органдары, мектеп және инспекторлар бірлесіп жұмыс істейді.
Сонымен қатар, ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға тұрғын үй мәселесі бойынша ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы 82 пәтер осы санатқа бөлінген. Ал, облыс бойынша жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған 4263 адам бар.