Алдағы уақытта мектеп және колледж оқушылары нашақорлыққа тәуелділікті анықтау мақсатында скринингтен өтуі мүмкін. Сондай-ақ, облыстағы білім беру мекемелеріндегі медициналық қызметкерлер мен психологтар арнайы оқыту курстарынан өтпек. Бұл туралы кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия отырысында мәлім болды. Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттермен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік қолдау шаралары сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынға аймақ басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев төрағалық етті. Отырыста қоғамды алаңдатқан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе жасөспірімдер арасында ішімдікке, нашақорлыққа және шылымға деген тәуелділік. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 230 арнайы наркологиялық және психиатриялық төсек-орын бар. Өткен жылы өңірде психотроптық заттарды қолданғаны үшін 32 кәмелетке толмаған жас есепке алынған.
Комиссия төрағасы денсаулық сақтау басқармасына мектеп дәрігерлерін психотропты заттарды қолданудың ерте диагностикасы бойынша оқыту және скрининг жүргізу алгоритмін әзірлеу қажеттігін тапсырды. Өзекті болған тақырыптың тағы бірі - жасөспірімідер арасындағы құқық бұзушылық. Қоғамдық инфрақұрылымға, аялдамаларға және тарихи ескерткіштерге зиян келтіру деректерінің алдын алу жұмыстарын тоқтатуға болмайды. Полиция департаментінің өкілдері заң бұзушылықтың алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізілетінін алға тартты.
Күн тәртібінде әлеуметтік қолдау шаралары назардан тыс қалмады. Мемлекет мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қолдауға айтарлықтай қаржы бөліп отыр. Мәселен, өңірде бес мыңнан астам бала мектепке дейінгі мекемелер мен ерте дамыту орталықтарына тегін барады. Осы мақсатта 830 млн теңге қаражат бөлінген.
Отырыстың қорытындысында комиссия мүшелері көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, нақты тапсырмалар берді. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында кешенді шаралар жалғаса бермек.