Ертістің сол жағалуында орналасқан «Maxi Mall» сауда үйі жазға дейін қолданысқа берілмек. Өскемен әкімі Алмат Ақышов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмысының уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалап қайтты. Жауапты мердігерлерге нақты тапсырма берді.
Көлемі 50 мың шаршы метр болатын алып сауда үйінің құрылысына 14,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Жалға алушылар өздеріне тиесілі нысандарда жөндеу жұмыстарын жүргізуде. «Maxi Mall» сауда үйінің директоры Мәди Достаевтың айтуынша ғимарат мамыр айында ашылуы мүмкін.
Сауда үйіне үш жақтан кіруге арналған жолдар салынады. Жалпы кіріп-шығуға арналаған төрт есіктің біреуі арқылы көлік тұрағына шығуға болады.
Бұдан кейін шаһар басшысы Прудхоз ауылының маңында жаңа атшабар салынатын орынға барды. Ипподром құрылысының жобасы нақтыланып, мердігер анықталды. Белгілі болғандай, нысанның құны 1 млрд 450 млн теңгеге бағаланған.
Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Жауаптылар жыл соңына дейін атшабарды қолданысқа беруді көздеп отыр.