Облыс әкімі Ермек Көшербаев Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында шекара маңындағы Шанағаты ауылына ат басын тіреді. Аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындар бұған дейін бір де бір облыс әкімі ауылға аттап баспағанын айтады.

Облыс әкімімен өткен кездесуде өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар аймақ басшысына өздерін толғандырған ауыз су, интернет, жол жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтарын жолдады. Азаматтарды мазалаған ауыз су мәселесі алдағы уақытта шешімін таппақ. Аймақ басшысы бұл мәселені жаз ортасына дейін шешуді тапсырды. Құжаттарды рәсімдеуге шамамен екі ай қажет. Сондай ақ, тұрғындар жедел жәрдем сатып алу мәселесін де көтерді.

Бұдан бөлек, облыс басшысы Шанағатыға медициналық пункт керектігін айтып, денсаулық сақтау саласын дамытуға жағдай жасау қажеттігін тілге тиек етті.

Марқакөл мен Шанағаты арасындағы 25 шақырым жолды жөндеуге 300 миллион бөлу қажет. Бұл мәселе алдағы уақытта Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларында қаралмақ. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылды дамыту үшін тұрғындарға жер телімдерін бөлу керектігіне баса назар аударды. 2025 жылы Марқакөл ауданында 12 мың гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару жоспарлануда.

Сондай ақ облыс әкімі көші-қонның азаюына және өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру үшін Шанағатыда «community» орталығын құруды тапсырды. Жұмыс күші тапшы аймаққа оңтүстіктен қоныс аударушыларды тарту үшін өңірде жағдай жасалуы маңызды, дейді Ермек Көшербаев.