Аймақта цифрлық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу мүмкіндігі артып, тұрғындар үшін жаңа сервистер іске қосылуда. Бұл саладағы жетістіктер жайлы әріптесім толығырақ тарқатсын.

Өткен жылы көлік құралдарын тіркеуге қатысты 46 мыңнан астам құжат ХҚКО арқылы қабылданса, онлайн форматта бұл көрсеткіш 99 мыңнан асты. Алдағы мақсат - қағазсыз қызмет көрсетуге көшу. Бұл үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қазір қосымша арқылы 50-ден аса қызмет түрін алуға мүмкіндік бар. Биылғы жылдың жаңашылдығы көлік жүргізуге арналған теориялық және практикалық емтиханға онлайн жазылу мүмкіндігі болды.

Өңірдегі маңызды IT жобалардың бірі - Oskemen HUB. Хаб бір жылдың ішінде 100-ден астам стартап жобаны дайындап үлгерді. Мұнда IT қауымдастығын дамытуға және халықаралық деңгейдегі жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.

Цифрландырудың дамуы денсаулық сақтау, білім беру және бизнес салаларында тиімділікті арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда. Мұның бір дәлелі – «ақылды қала» жобаларын енгізу. Мысалы, Өскемен қаласында қоғамдық көлік қозғалысын бақылау жүйесі мен бейнебақылау камералары орнатылып, қала қауіпсіздігі мен инфрақұрылымы жақсартылып келеді. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктер ашып, өңір экономикасының өсуіне ықпал етуде.