Борышкерлер енді жеке сот орындаушысына 25 пайыз үстеме ақы төлемейді. Ол үшін цифрлық сот орындаушы көмегіне жүгіну қажет. Әділет департаменті халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында тың жобаны іске қосты. Жаңа қосымшаның көмегімен азаматтар 32 млн. теңгеге жуық қаржысын үнемдеген.
Өңірде цифрландыру жүйесін дамыту қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы Әділет министрлігі толық цифрландыруға негізделген «Цифрлық сот орындаушы» жүйесін іске қосты. Бұл жаңашылдық арқылы азаматтар 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар мен салық берешегін оңай әрі тез өтей алады. Жүйе арқылы 10 мыңнан астам іс жүргізілген, нәтижесінде 215,5 млн. теңге өндірілді.
Төлем жасау кезінде, айыппұл батырмасын емес, сот қарызы бөлімін таңдау қажет. Төлем дұрыс жасалса, азамат борышкерлер тізімінен автоматты түрде шығарылады. Бұдан бөлек, «Еup.kz» порталы арқылы онлайн заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. «Zan Komegi» мобильді қосымшасы арқылы өзіңізді толғандырған мәселеге бейнеқоңырау арқылы жауап алуға мүмкіндік туды. Бүгінде бұл жүйеге 1 949 адвокат пен заң кеңесшісі тіркеліп, азаматтарға көмек көрсетіп келеді. Өткен жылы 90 мыңға жуық іс қаралып, порталға 6 749 пайдаланушы тіркелді.
Бұдан басқа, бейнеқоңырау арқылы онлайн режимде мүлікті басқаруға қатысты сенімхаттарды қоспағанда, сенімхаттар мен ерлі-зайыптылардың келісімдерінің барлық түрлерін беруге мүмкіндік беретін «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.