Биыл Ішкі істер министрінің пәрменімен «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жарияланды. Осыған орай облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті. Оған әкімдік өкілдері, пәтер иелерінің кооперативтері және мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары қатысты. Кездесудің басты тақырыбы – қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

 «Қауіпсіздік мәселелері бірлескен шешімдерді талап етеді» осылай деген департамент өкілдері екіжақты әрекеттің маңызына тағы бір тоқталды. Облыстың бас полицейінің айтуынша, өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты. Соңғы бес жылда қылмыс деңгейі 65%-ға төмендеген. Алайда қауіпсіздік – тек полицияның жұмысы емес, бұл – әр тұрғынның жауапкершілігі. Сондықтан тәртіп сақшылары мен азаматтардың ынтымақтастығы – қылмыспен күрестегі негізгі фактор саналады.

Кеңесте масаң күйде жасалатын қылмыстар, қайталанған, есірткі қылмыстары және интернет-алаяқтықпен күрес шаралары сөз болды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Дерек келтіре кетейік, 2024 жылы өңірдегі дағдарыс орталықтарына 249 ана балаларымен көмек сұрап жүгінген. Кеңес қорытындысында Ерлан Омарбеков қоғамдық қауіпсіздікке атсалысқан азаматтарды алғысхаттармен марапаттады.