Өскеменде аутизмге шалдыққан және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі бөлімше жұмыс істейді. Орталықта мамандар келушілерді қоғамға бейімдеуге және оңалтуға бағытталған ең озық әдістерді қолданады.
Орталыққа келген әрбір қызмет алушы үшін мамандар жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Мұнда балалар адаптивті және емдік дене шынықтыру сабақтары, логопед, сенсорлық интеграция маманымен жаттығулар, әлеуметтену мен бейімделуге бағытталған әртүрлі сабақтарға қатысады.
Оңалту кезінде мамандар сенсорлық интеграция әдісін пайдаланады. Бұл әдіс-тәсіл баланың көру, есту және қозғалысы үшін қажет. Осы арқылы тұлғаның мінез-құлық, оқу, ойлау, сөйлеуі қалыптасады.
Орталық мамандарының айтуынша, аутизмі және психикалық ауытқулары бар балаларды оңалту және әлеуметтендіру бағдарламалары жақсы нәтиже беруде. Ең бастысы – шыдамдылық, дейді мамандар. Себебі, алғашқы өзгерістер бірнеше айдан кейін ғана оң нәтижесін береді.