Облыс орталығындағы қоғамдық көлектердегі төлем жүйесі енгізіледі. Енді наурыз айынан бастап өскемендіктер жол ақысын «ONAY!» электронды билеттеу жүйесі арқылы төлейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен бифингте Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов мәлімдеді.
Қоғамдық көлік тасымалындағы жаңа төлем жүйесі кезең-кезеңмен іске асырылады. Алғашқы кезең наурыз айында басталады. Электронды билеттеу жүйесі қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған дейді, облыс орталығы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.
Жаңа жүйе арқылы тұрғындар өздеріне қажетті қоғамдық көліктің аялдамаға келу уақытын, олардың жалпы санын көре алады. Тың бастама арқылы тасымал қызметін пайдаланған азаматтардың нақты санын да анықтауға болады.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары жолаушылар қазіргі уақытта қолданып жүрген картадағы қаражат қайтарылатынын айтты. Ал ол үшін Қазақстан көшесінде орналасқан трамвай паркіне бару керек.