Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметінің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын қабылдаған болатын. Алайда, азаматтарды ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса назар аудару керкетігін айтқан. Президент пәрменін іске асыру мақсатында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Өскеменге келді. Сапар аясында ол жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Үкіметте бюджет кірісін арттыру мақсатында қосымша құн салығын 16%-ға дейін көтеру ұсынылған еді. Түскен пайда Ұлттық қордың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсті. Кәсіпкерлер алаңдаушылық білдіріп, қарапайым тұрғындар үшін де бұл өзгерістің қиынға соғатынын айтты.

Реформаны іске асыру кезінде еліміздің бюджетіне салық түсімдерінің жыл сайын 4-5 трлн. теңгеге өсуі күтілуде. Негізгі жаңалықтардың бірі - табысы жылына 15 млн. теңгеге жетпейтіндер ҚҚС төлеуден босатылуы мүмкін. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көптеген санатына жеңілдік беріп, әрі артық қағаз жұмыстарынан арылтпақ. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ҚҚС-нан толықтай босатылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде атап өткендей, салық жүйесіндегі өзгерістер жан-жақты талдауға негізделіп, экономиканың түрлі салаларының ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

Қазіргі уақытта қолданыстағы жеңілдетілген декларация жүйесі жылдық табысы 180 миллион теңгеге дейін, қызметкерлер саны 30 адамға дейін және 2% салық мөлшерлемесін қарастырады. Бұған қоса, ресми түрде бөлшек салық жүйесінің жылдық айналымы 2,4 миллиард теңгеге дейінгі бизнесті қамтыған, қызметкерлер санына шектеу қойылмаған және мәслихаттардың шешімімен 4% мөлшерлемені екі есе төмендетуге мүмкіндік берген. Енді осы екі саланы біріктіріп, бірыңғай жеңілдетілген декларация форматын енгізу жоспарлануда. Бұл ретте табыстың жоғарғы шегі сақталып, ол шамамен 2,4 миллиард теңгені құрайды.

Салық жүйесін реформалау арқылы ел Үкіметі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін бизнесті қолдау мен бюджеттік кірісті ұлғайту арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ниетті. Кездесуде жергілікті кәсіпкерлер ҚР қаржы вице-министріне сауалдарын қойды.