Енді наурыз айынан бастап Өскеменде мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ваучерлік қаржыландыру енгізіледі. Осы жұмыстар бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанғазы Әліпбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Пилоттық жобаның мақсаты – балаларды кезекке қою, қабылдау және мемлекеттік тапсырысты орындау жұмысын автоматтандыру. Нәтижесінде, мектепке дейінгі білім берудің сапасы жоғарылайды. Бұл жаңашылдық ата-аналар үшін де тиімді. Өскемендегі жаңа жүйе 83 балабақшаны қамтиды. Оның ішінде 31-і мемлекеттік, ал 52-сі жекеменшік ұйымдар.
Бұл өзгеріс жекеменшік балабақшалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар жыл ішінде қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін жобаға қосыла алады. Жобаның операторы ретінде “Қаржы орталығы” АҚ белгіленіп отыр. Ол қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, білім беру қызметтеріне ақы төлеуді жүзеге асырады.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу мектепке дейінгі білім беру саласын реформалаудағы маңызды қадам болмақ. Бұл бастама ата-аналарға тиімді таңдау жасауға мүмкінді береді.