Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Өскеменде өңіраралық семинар өтті. Басқосу техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дуалды оқытудың негізгі аспектілерін, мүмкіндіктері мен болашағын талқылауға арналды. Оған еліміздің әр өңірінен колледж директорлары, кәсіпорын өкілдері мен кәсіпкерлер палатасы мүшелері қатысты.
Семинардың мақсаты – еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістерге байланысты мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін дуалды оқытудың өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасу. Аталған оқу бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мәселен, аймақтағы 4936 студенттің 4275-і дуалды оқыту жүйесі аясында жұмысқа орналасқан. Жалпы, дуалды оқыту жүйесі дегеніміз – теория мен тәжірибені ұштастыра отырып оқыту технологиясы.
Семинар барысында Өскемен құрылыс-техникалық колледжінің «Колледж – кәсіпорын» ынтымақтастығы шеңберінде шеберлік сыныптары мен оқу шеберханаларына виртуалды экскурсия жүргізіліп, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мамандардың пікірінше, дуалды оқыту – еңбек нарығында сұранысқа ие, кәсіби білікті мамандарды даярлаудың ең тиімді форматы. Бұл әдіс студенттерді бәсекеге қабілетті маман ретінде даярлауға мүмкіндік береді.