Биыл Жеңіске 80 жыл. Ұрыс алаңына шығыстан 87 мыңнан астам шығысқазақстандық майданға аттанды. Бүгінде өңірімізде көзі тірі 13 соғыс ардагері мен 4 мыңнан аса тыл еңбеккері бар. Жеңістің 80 жылдығына орай "ALTAI" телеарнасы соғыс ардагерлерінің ерлігі мен өмір жолын дәріптейтін арнайы бейнероликтерді көрермен назарына ұсынады.
1941-1945 жылдар аралығында 87 404 шығысқазақстандық майданға аттанды. Кеңес Одағының Батыры атағына 63 жауынгер лайық деп танылды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының «Халық Қаһарманы» атағы үш азаматқа берілді. Ал «Даңқ» орденінің толық иегерлері – 10 адам. Бүгінде Шығыс Қазақстанда көзі тірі 13 соғыс ардагері бар. Сонымен қатар, концлагерьде тұтқын болған 11 азамат, қоршаудағы Ленинградты бастан өткерген 6 тұрғын және кемінде алты ай бойы майданға көмек көрсеткен 4 261 тыл еңбеккері бар. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін 56 тыл ардагері арнайы медальмен марапатталған. Жас ұрпақ майдангерлердің ерлігін ұмытпау үшін өңірімізде 201 ескерткіш пен мемориал орнатылған. Олардың әрқайсысы – қаһармандарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Майданда ерлік көрсетіп, қаза тапқан жауынгерлердің есімін еске алып, құрмет көрсету мақсатында 100-ге жуық шара өтеді. Бұдан бөлек, облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен хабарсыз кеткен сарбаздардың жерленген орындарын анықтау жұмыстары жүргізілді.
Ардагерлерге қамқорлық жасау – ұрпақ парызы. Олардың ерлігі ұмытылмайды, есімдері тарихта мәңгі қалады.