Аймақта қысқы спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өскемендегі 180-ге жуық оқушы шаңғы тебуді үйренеді. Оқу-жаттығу жұмыстары тегін жүргізіледі. Игі бастама «Денсаулық күні» аясында ШҚО мен Өскемен қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Оқушылар «Нұртау» шаңғысы базасына барып, шаңғы тебудің қыр-сырын меңгеруді бастап кетті.
Бұл жолы демалыс аймағына қаладағы №49 жалпы білім беретін мектептің оқушылары келді. Айсұлу Сайлаубек мұндай мүмкіндікке ие болғанына қуанышты.
Шараның мақсаты - балаларға қысқы спорттың мүмкіндіктерін көрсету, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар жаттықтырушылардан сабақ алуды бастап кетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырады.
Ішкі туризімді дамытуға әрі оны насихаттауға бағытталған игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.