Өскеменде киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері сауда орталықтарында рейд жүргізді. Мақсат – алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындарға ескерту жұмыстарын жасап, түсініктеме жүргізу. Рейд барысында полиция қызметкерлері жергілікті депутаттар, еріктілермен бірлесе отырып анықтама парақшаларын таратты.

Күн сайын түрленіп, жаңа айла-тәсіл ойлап табатын алаяқтардың құрығына түспеу үшін мамандар бірлесіп сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Мұндай бастамалар тұрғындарға сақ болып, алаяқтардың құрған тұзағына алданбау үшін тұрақты жүргізіледі.

Ал, полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазір алаяқтықтың жаңа түрі таралып келеді. Құйтырқы ойларын жүзеге асырғысы келетіндер енді кәсіпкерлерді ақшаны оңай жолмен табуға болатындығын айтып, сыбайлас болуға шақыратын көрінеді.

Кәсіпкерлер мен түрлі ойын-сауық орталықтарының сатушылары мұндай тексеріс пен ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу маңызды деп есептейді. Себебі, көпшілігі жұмыстан қолдары босамай, бейқам жүреді.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға белгісіз нөмірлерден келетін күмәнді қоңырауларға жауап бермеуді, бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін айтпауды ескертеді. Мұндай ақпараттық рейдтер алдағы уақытта жалғасын табады.