Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға Өскемен жоғары политехникалық колледжінде кәсіби бағдар беруге бағытталған шара өтті. Білім басқармасы іске асырып отырған мұндай кездесулер облыс аумағында 20 наурызға дейін жалғасады.

Шара барысында сарбаздар техникалық және кәсіптік білім беру мүмкіндіктерімен, тегін оқу бағдарламаларымен танысты. Сонымен қатар, өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар жайлы ақпарат алды.

Аймақтағы кәсіпорындар білікті мамандарға мұқтаж. Шара аясында мамандар сарбаздарға мамандық таңдау бойынша бағыт-бағдар беріп, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ұсынды.

Шара аясында сарбаздар «PROFI боламын» атты квест-ойынына қатысты. Олар электроника, робототехника және баламалы энергия көзі тақырыптары бойынша білімдерін сынады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.