Өскеменде Республика алаңынан, айналма жолға дейінгі жаяу жүргіншілер аймағы кеңейтілмек. Бұл аумақта қала тұрғындары үшін жаңа демалыс аймағын құру көзделіп отыр. Бұл туралы өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығындағы нысандарды аралау барысында айтты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының бірнеше аудандарын аралап, абаттандыру, жарық бағаналарын қалыпқа келтіру жұмыстарымен танысты. Алдағы уақытта қалада бірнеше жаңа нысан бой көтермек. Солардың бірі-Қазақстан көшесінің бойындағы жаңа демалыс орны. Жаңа жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып, жарықшамдар орнатылмақ.
Бұл бастаманы Пермитин және Максим Горький көшелерінде де жүзеге асыру көзделген. Бұл жоба Қазақстан мен Пермитин көшелерін жалғайтын айналма саябақ аймағын құруға бағытталған.
Өскемендіктердің қауіпсіздігі-басты назарда. Назарбаев көшесінің бойындағы көп қабатты үйлердің төбесінде түзіглен мұз адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан аймақ басшысы қала әкіміне бұл мәселені жедел шешуді тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Әуезов даңғылына ат басын бұрды. Мұндағы тұрғындар көше жарығына қатысты шағымдарын жеткізген.
Облыс орталығындағы қар тазалығы да кезек күттірмейтін мәселе. Тазалық жұмыстары одан әрі жалғасын табады.