Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтті. Алқалы жиында өңір үшін маңызды бірқатар мәселе қаралды. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыға түсті. Облыс әкімі жобаларды мұқият зерттеп, нақты жоспар құру маңызды екенін атап өтті.

Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жеті мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның бесеуі, 2 мыңнан астам оқушыға арналған және толықтай дайын. Өскемен, Риддер, Шемонаиха қалалары мен Белоусовка кентіндегі жаңа оқу орындарында білім беру процесі осы жылдың төртінші тоқсанынан басталады. Бұдан бөлек, тағы екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов жобаның жүзеге асырылу барысы туралы кеңінен баяндады.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мектепке баратын кірме жолдардың құрылысына назар аударып, 2025 жылдың 1 маусымына дейін ондағы жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Ал жергілікті билік өкілдері оқу орындарының пайдалануға берілуін жеделдетіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтауы қажет екенін айтты.

Облыстық әкімдік отырысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге көлемінде несие беріліп, 235 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты. Қаражаттың негізгі бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, мал сатып алу мен фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталғанын жеткізді.

Аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 72 жоба мақұлданған. Соның аясында 163 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, биыл бағдарламаға қосымша 3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Ал ауыспалы қаражатты ескергенде бюджет 4,5 млрд. теңгені құрайды. Бұл шамамен 550 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді. Ал жиын соңында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімдеріне бірнеше тапсырма берді.

Жиын соңында облыс әкімі аталған бағыттар бойынша жүргізілген жұмыстар қатаң бақылауда болатынын ескертті.