Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында азаматтардың талабына сәйкес әкімдерді тікелей сайлау жүйесін іске қосып, барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы сайланғанын айта келе, олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте істемегенін атап өткен болатын. Соған байланысты биыл 17 ақпаннан бастап облыста ауыл әкімдерінің біліктіліктерін арттыруға арналған оқыту курстары басталды. Үш ай көлемінде жергілікті атқарушы билік өкілдері елді мекенді дамыту жолдарын, қай бағытқа баса назар аудару керектігі туралы ақпаратпен қамтылады.

Шараға Президент Әкімшілігінің өкілдері, «Аманат» партиясының ШҚОФ және өзге де саяси партиялардың мүшелері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушылары, аудан және ауыл әкімдері онлайн форматта қатысты.

Кур аясында әкімдер 17 бағыт бойынша кәсіби біліктілігін арттырады. Бағдарлама аясында жергілікті бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен салықтар, коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, цифрлық технологиялар, жасанды интеллектті пайдалануды меңгереді.

Аймаққа қарасты ауылдық округтерден біліктілігін арттыруға 100-ге жуық әкім келген.

Бағдарлама практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу және оффлайн, онлайн форматта 240 академиялық сағат оқытуды қамтиды. Бұдан өзге, жұмыс барысында ең көп жол берілетін кемшіліктерді ескере отырып, практикалық кейстер және оларды тиімді шешу жолдары қаралады.

Біліктілікті арттыру курсының қорытындысы аясында әкімдер өздеріне қарасты аумақты дамыту жобасын қорғайды.