Өскеменде ғылыми-инновациялық хакатон басталды. Шараны «Казцинк» компаниясының қолдауымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырып отыр. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-де өткен шараға Қазақстанның 50-ден астам жетекші ғалымдары, мамандандырылған сарапшылар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Бұл шара осымен тоғызыншы мәрте өткізіліп отыр. Мұнда Қазақстанның түрлі ЖОО –нан келген ғалымдар қатысты. Хакатон форматы зерттеушілер мен сала өкілдерінің өзара байланыс жасап, бірлескен жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді. «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев Қазақстанда ғылымды дамытуға басымдық берілгенін, үлкен мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті.

Шараның мақсаты – ғалымдар мен түрлі кәсіпорын мамандары өзекті мәселелерді талқылап, тиімді шешімдер таба алатын алаң құру. Елдің ғылым және жоғарғы білім министрлігі кәсіпорындардағы процестерді жақсартуға көмектесетін жобаларды мемлекеттік қаржыландыру арқылы да жүзеге асырып отырады.

Екі күн бойы қатысушылар кәсіпорынның жұмысын жандандыратын жобаларды қарастырады. Олардың қатарында концентраттардың сапасын арттыру, өндіріс қалдықтарын ұтымды пайдалану және өнімнің жаңа түрлерін жасау бар.

Жаңа идеялар мен ұсыныстарға бағытталған ауқымды жиында бес бірдей ауқымды жоба қаралады.