Жұмысшы мамандықтар жылына орай облыстық білім басқармасы бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шара колледж студенттеріне арналды. Бұл жәрмеңке олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыратын маңызды шара. Оған қатысу арқылы колледждердің соңғы курс студенттері өздері қалаған салада жұмыс істеуіне, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.

Жәрмеңкеге аймақтың тоғыз колледжінен инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары мамандықтары бойынша білім алатын 150-ден астам студент қатысты.

Жәрмеңкеге келген жұмыс берушілер өз компанияларындағы бос орындармен таныстырып, үміткерлерге қойылатын талаптар мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты - жұмыс берушілер мен колледж түлектері арасындағы өзара ынмымақтастықты қамтамасыз ететін алаң құру. Жастарды жұмыспен қамту. Шараға облыс орталығындағы ірі өндіріс орындары мен түрлі салада қызмет көрсететін кәсіпорын өкілдері, колледж студенттері қатысты.

Шара соңында колледждердің 100-ге жуық студенті тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу туралы ұсыныстар алды.