Шығыс Қазақстан облысында ауылдағы туризм күн санап дамып келеді.Сондықтан әсіресе шетелдіктер тұмса табиғат аясында демалып, тұғындардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысуға қызығады. Соңғы жылдары Ұлан ауданы Бозанбай ауылына шет елден келетін туристердің қарасы қалың. Олар үшін ең қызығы қазақтың саятшылық өнері. Ал шетелдіктерді ауыл тұрындары дастархан жайып, қазақтың әуезді әнімен қарсы алады.

Мейла мен Емма франциялық суретшілер. Олар шығыстың тұмса табиғатын тамашалап, әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыппен арнайы танысу үшін келген. Бозанбай ауылындағы туристерді күтуге арналған үйлер 4 жыл бұрын ашылған. Мұнда жыл он екі ай қонақ үзілмейді. Франциялық туристер осы үйлердің біріне тұрақтап, домбыраны қолға алып, шертіп көрді.

Мұнда туристер үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Үш қонақ үй бар. Олардың бірі этно стильде жабдықталған.

Қолөнер шебері Бақытгүл Қанжарқан туристік бизнестің қыр-сырын үйреніп, отбасымен қонақтарға қызмет етіп жүр. Оның үйінде әлемнің 70 елінен келген туристер мейман болған. Айтуынша, шетелдіктер оюмен өрнектелген бұйымдарға қызығып, ұлттық тағамдарды сүйсініп жейді. Қайтар кезде құрт пен ірімшікті көптеп алып кетеді екен.

Бозанбай ауылында 7 атадан бері құс салып, ит жүгіртетін саятшылар әулеті тұрады. Нажитбандар отбасында 9 адам бар. Отағасы Маркс Нажитбан жастайынан құсбегілікпен айналысып келеді. Жұбайы Олшан Шакерман былғарыдан білезік тігіп, кілем тоқудың шебері. Көне кәсіп түрлерін жастарға дәріптеп жүр.

Туристердің бұл ауылға ағылып келуінің бір себебі жыл сайын өтетін бүркітшілер сайысы. Кейінгі екі жылда «Шығыс Салбурынына» 5000-ға жуық турист жиналған. Мұндай шаралар туризмді түлетудің бір жолы.

Қазақтың құсбегілік өнерін әлемге танытқан бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы 13 жасында небәрі 6 секундта қолына құс қондырып, рекорд орнатқан. Содан бастап әлемнің әр түкпіріндегі туристердің назары ауып, басылымдар ол туралы жарыса жазды. Бүгінде саятшы қыз ұлттық дәстүрді дәріптеп, халықаралық деңгейге шығуына күш салып, еліміздегі мәдени шараларға қатысып келеді.

Әрқашан қонаққа есігі ашық Бозанбай ауылының тұрғындарына шетелдік туристердің алғысы зор. Шырайлы шығыстың табиғаты мен кеңпейіл халқын алғаш көрген Мейла мен Емма екінші рет міндетті түрде келетінін айтты.