Жаға ұстатарлық ресми дерек, елімізде 18 мыңнан астам адам нашақор ретінде есепте тұр. Алайда, нақты сан 150 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Өскемен көпсалалы технология колледжі студенттеріне «Заң мен тәртіп» профилактикалық кездесуі аясында айтылды. Прокуратураның дерегі бойынша, бір ғана Өскеменде нашақорлық диагнозымен 900 адам есепте тұр. Соның ішінде 36-сы әлі 18 жасқа толмағандар.
Есірткі бизнесін анықтау және жолын кесу нәтижесінде облыс орталығында жыл басынан бері 17 қылмыстық іс тіркелген. Оның 7-еуі сотқа жіберіліп, 10 адам сотталған. Бір ғана марихуананың 78 келісі, 6 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген. Шараны ұйымдастырушы Ермек Асқаровтың айтуынша, облыстық фронт-офис волонтерлері облыс прокуратурасының өкілдері және полицейлермен бірігіп, 100-ден астам есірткі жарнамалайтын граффити жазбаларды жойған.
Жастар жапа шегіп жатқаны – жалған жарнамалар. Есірткі қылмысына ең жиі тартылатындар 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар. Барлығын қызықтыратын бір ғана шарт, жеңіл жұмыс, көп ақша. Түрлі телеграмм арналар мен сайттар өрімдей жастардың тағдырларына балта шабуда.
Есірткіні таратқан бөлек, татып көргені бар. Қазір облыста 1300-ден астам азамат есірткіге тәуелділік есебінде. Адам санасын улап, ағзаға келтіретін зақымы орасан. Ал, одан бас тарту тіпті қиын. Нарколог дәрігерлердің дабыл қағып жүргені сондықтан.
Бүгінде белең алған синтетикалық есірткі героиннен он есе қауіпті. Оған тәуелділер орта есеппен бес жылдан артық ғұмыр сүрмейді. Әлемдік статискаға сенсек, есірткіге тәуелді 10 адамның біреуі ғана оңалтудан сәтті өтеді. Ал, есірткіні заңсыз сақтау және таратуда қылмыс ауырлығына байланысты 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.