Облыстық Мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының мұрындық болуымен «Мемлекеттік тіл – қоғамдық қатынаста» атты облыстық семинар өтті. Шараға құқық қорғау органдары өкілдері, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Жиында мемлекеттік тілдің беделін арттыру үшін өңірдегі басқармалар мен мемлекеттік мекемелерде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Әсіресе, қазақ тілі аз қолданылатын аудандарда бұл мәселе өзекті болып отыр.

Шараға қатысушылар құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жиі кездесетін мәселелердің алдын алып, азаматтар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы ойларын ортаға салды.

Семинар қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында бірқатар ұсыныстар берілді.