Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамын электрондық форматта алуға болады. Мемлекеттік кірістер комитетінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен қатар «Е-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшалары жұмыс істейді. Салық есебін тапсыру немесе салықты төлеу екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы іске асады. Бұл жайлы арнайы брифинг өткізген департамент өкілдері айтты.

Биыл қолданыстағы жеті жүйенің қызметін алмастыратын «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін» іске қосу жоспарда. Ол құжаттарды өңдеу уақытын 1 минутқа дейін қысқартып, 250 мыңнан астам пайдаланушыға салық төлеушінің кабинетіне бір уақытта кіруге мүмкіндік береді. Кабинетте салық төлеуші мен Мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға және жеңілдетуге көмектесетін қызмет бар. Сала мамандары цифрландыру – басым бағыт дейді. Өткен жылы мемлекеттік қызметтің 99.6%-ы электронды түрде орындалған.

Салық төлеушілермен кері байланыс жасау үшін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, халық көп жиналатын орындарда мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін және мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау үшін QR-кодпен сауалнама орналастырылған. Сондай-ақ, сауалнама нәтижелеріне талдау жасалады. Мемлекеттік кірістер Департаменті автокөлік иелеріне жеке тұлғалардың 2024 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылдың 1 сәуірінде аяқталатынын да еске салды. Салық сомасын «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе МКД-ның веб-порталы арқылы есептеуге болады.