Өскемен қаласындағы №49 жалпы білім беретін мектеп ұжымы бес жылдық белесінде толағай табыстарға жетті. Жаңашылдық пен заманауи білім беруді мақсат еткен оқу ордасы бүгінде инновациялық технологияларды сәтті енгізіп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбиенің озық үлгісін көрсетіп келеді.

Мектеп қабырғасында оқушылардың білімін тереңдетуге, ғылыми жобалармен айналысуына мүмкіндік беретін құзіреттік орталығы жұмыс істейді. Өңірдегі бес мектеп бірігіп оқу-тәрбие процесіне жаңашылдық енгізу бағытында еңбектеніп, мұғалімдердің тәжірибесін шыңдауда.

Мектеп тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, спорт саласында толағай табысқа жеткен. Жас өрендер қалалық, облыстық, тіпті әлемдік жарыстарда топ жарып, спорт шебері атағына ие болған.

Әскери-патриоттық тәрибе – білім ордасындағы басым бағыттардың бірі. 13 кадет сыныбында 310-нан астам оқушы әскери тәртіп пен спорттық дайындықтан өтуде. Оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, қару-жарақ пен әскери техника туралы да жан-жақты білім алады. 6 сынып оқушысы Ақжүрек Төлеген әскери жабдықтарды зерттеп, тарихымен танысып, макетін де жасаған.

Мектептің бес жылдық мерейтойы мерекелік концертпен жалғасты. Оқушылар әскери қойылымдар көрсетіп, патриоттық әндер орындады.

Білім мен тәрбиені ұштастырып, үздіктер қатарынан көріну – бұл білім ордасының басты мақсаты. Кеш барысында мектептің жетістіктері тағы бір мәрте сараланып, ұстаздар мен оқушыларға алғыс айтылды.