Риддер қаласында гемодиализ орталығы ашылды. Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастар енді алысқа бармай-ақ ем-дом алады. Жалпы кеншілер қаласында 9 адам осындай сырқатпен тіркелген. Олар осыған дейін ем алу үшін аптасына үш рет Өскеменге жүздеген шақырым жол жүріп, әбігерге түсетін. Жаңа орталық арқасында бүйрек ауруы бар науқастар жол азабынан құтылды.
Елена Бабушкинаның бүйрек ауруына шалдыққанына екі жыл болды. Осыған дейін алғашында Өскеменге аптасына екі рет, кейін жағдайы нашарлап, үш рет баруға мәжбүр болды. Жаңадан ашылған орталық Елена үшін ерекше қуанышты жайт.
Тағы бір науқас Александр Лупьянов төрт жыл қатарынан Риддерден Өскеменге аптасына үш рет барып ем алатын. Енді осындай мүмкіндіктің пайда болғанына дән риза.
Қаладағы инфекциялық бөлім ғимаратындағы орталық алты күн бойы жұмыс істейді. Заманауи жабдықтар емнің сапалы жүргізілуіне мүмкіндік береді. Қала әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеуханның айтуынша, Риддерде гемодиализ орталығын ашу бойынша облыс басшысы тапсырма берген. Соған сәйкес «BB Nura» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе мәселе оң шешімін тапты. Енді тіркеуде тұрған барлық тұрғын ақ халаттыларға алаңсыз қарала алады.
Сондай-ақ, Риддердегі диализге шалдыққан тоғыз науқастың әрбірін инватакси апарып, әкеледі. Бұл да өте қолайлы дейді науқастар.