Өңірде өндірістік жарақат саны артқан. Өткен жылы жүзден астам азамат жапа шекен. Өкінішке қарай адам шығыны да бар. Әрбір жазатайым оқиға бойынша еңбек инспекторлары тергеп-тексеру жүргізген. Нәтижесінде аймақта бірқата заң бұзушылық анықталған. Бұл туралы облыс орталығында өткен брифингте салалық департамент басшысы Бақытбек Қизатов мәлімдеді.

Өткен жылы өндірістік жарақат алуға қатысты 106 оқиға тіркелген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға артық. 17 адам қаза тауып, 66 жұмысшы ауыр жарақат алған.

Өткен жылдың 11 айында облыстағы еңбек инспекторлары 405 тексеріс жүргізіп, 1 847 өтінішті қараған. Нәтижесінде 1 322 заң бұзушылық анықталған. Олардың басым бөлігі еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты. Осыған байланысты 143 ұйғарым шығарылып 35,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындардың мәселелерін талқылау үшін әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның 7 отырысы өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық әлеуметтік әріптестік келісімі жасалды.