Өскеменде жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне арналған екі күндік семинар-тренинг басталды. «Jastar Oskemen» комьюнити-орталығында ұйымдастырылған шараға өңірге қарасты қала мен аудандардан келген мамандар қатысты. Мақсат – жастармен жұмысты заманауи талаптарға сай жетілдіру, жаңа технологияларды игеру және ресурстық орталықтардың қызмет тиімділігін арттыру.

Оқыту семинарына өңірдегі барлық жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері жиналды. Тренингте мамандарға цифрлық технологиялардың жаңа мүмкіндіктері, соның ішінде жасанды интеллектпен жұмыс істеу және тиімді пайдаланудың жолдары көрсетілді.

Семинар бірнеше бағыт бойынша өтеді. Соның ішінде СММ-мамандарды оқытуға да назар аударылды. Мұндай бастамалар жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері алдында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту. Өткен жылы өңірде 75 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 602 жұмыс беруші мен 826 жас маман қатысқан. Нәтижесінде 72 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1020-дан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.

Кездесу барысында мамандар өзара тәжірибе алмасып, жастармен жұмыс жүргізудің жаңа әдістерін талқылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастар саясатын тиімді іске асыруға ықпал етпек.