Өскеменде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында «Нұрлы жол» саябағының айналасы қардан тазартылды. Былтыр басталған шара екінші жыл қатарынан жалғасын тауып жатыр. Акцияға «AMANAT» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары және жастар қанатының еріктілері қатысты. Сондай-ақ, қар шығару жұмыстарына «Өскемен парк» КММ өкілдері арнайы техника, құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетті.

Қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және таза әрі жайлы қала қалыптастыру.

Отыздан астам адам қатысқан акция барысында 100 тонна қар арнайы техникамен қала сыртына шығарылды. Қазіргі таңда «Таза бейсенбі» акциясына өз еркімен қатысатын азаматтардың саны артып келеді.

 «Таза бейсенбі» акциясына студенттер де қолдау білдірді. Аймақта бұл игі шара әр аптаның бейсенбісінде тұрақты түрде өткізіліп отырады.

Бұдан бөлек, Өскемендегі жастар ұйымың өкілдері төтенше жағдай қызметінің құтқарушылармен бірге жалғызбасты қарияның ауласындағы қарды шығарды. Себебі, былтыр көктемде қаланың шетіндегі кейбір үйлердің маңын су басқан. Сондықтан қарғын судан қауіптенген қариялар «Аманат» партиясынан көмек сұраған.

Бұл қолғабыс жұмыстары «Аманат» партиясының ұйытқы болуымен қолға алынған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жүзеге асты.

 «Аманат» партиясының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанаты да сенбіліктерге белсенді қатысып жатыр. Алдағы уақытта екі акция да жалғасын табады.