«Заң және тәртіп» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлерге арналған облыстық семинар-тренинг өтті. Ел үшін елеулі істе ерікті болғандардың саны артып келеді. Сондықтан, мұндай жиындардың берері мол дейді ұйымдастырушылар. «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы өткен жылы басталған.

Жиналысты облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков ашты. Жемқорлыққа қарсы еріктіліктің маңызына тоқталған ол, волонтерлар әсіресе бюджет қаражатын игеруде қоғамдық бақылау арқасында зор үлес қосқанын мәлімдеді. Мысалы, жоба басталғаннан бері волонтерлар көмегімен жүздеген миллион қаражаттың тиімсіз пайдалануына жол берілмеді.

Облыстағы бір балабақша жалпы сомасы 1,6 млн теңгеге 2 ноутбук сатып алмақ болған. Яғни, бір данасын нарықтық бағадан әлдеқайда қымбат 800 мың теңгеге сатып алуды ойлаған. Волонтерлар көмегімен оған жол берілмей 1 ноутбукты сатып алу сомасы 350 мың теңгеге дейін төмендетіліп, 900 мың теңге бюджет қаражаты үнемделген. Тағы бір мысал, Шемонаиха ауданындағы мектептің бірінде асхананың жоқтығы анықталды. Алайда, мектеп ғимаратында білім беру саласына қатысы жоқ мекемелер орналасқан. Мониторинг нәтижесінде мектепте асхана жабдықталып, 80 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Еріктілік ерен еңбек екенін дәлелдейтін мұндай мысал көп. Бастысы - ісіміздің маңызын түсінеміз дейді студент жастар.

 «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы қоғамдық бақылауды күшейтудің маңызды әрі тиімді құралына айналды. Бұған семинар арқасында жаңа білім, дағдыны игеріп, жаңа іске ұмтылған жастар дәлел.