Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінде «Жұмысшы мамандықтары» жылына орай кәсіби шеберлік байқауы өтті. Бұл шара жастарды еңбек нарығына дайындап, олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттауды көздейді.

Шараның ашылуында колледж директоры Батырхан Құсманов кәсіпорын өкілдерімен кездесу өткізіп, болашақ ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл кездесуде оқу орны мен кәсіпорындардың арасында тығыз байланыс орнату, студенттерге тәжірибе алмасу мүмкіндігін арттыру мәселелері көтерілді.

Қатысушылар үшін бұл байқау тек өз шеберліктерін көрсететін алаң ғана емес, болашаққа жасалған маңызды қадам. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда студенттерге шәкіртақы, оқу және күніне бір мезгіл тамақ тегін беріледі.

Байқау 5 бағыт бойынша жүргізілді. Оның ішінде шаш пен бет әрлеу жұмыстары, киім тігу, жиһаз жасау, операторлық, программалық жұмыс бойынша қатысушылар сынға түсті.

Студенттер колледжде теориялық дайындықтан өтіп, практикалық дағдыларды тікелей кәсіпорындарға барып алады. Колледждің бұрыннан келе жатқан серіктестерінің бірі – «Рауан» ЖШС. Кәсіпорын студенттерді өндірістік тәжрибеден өткізіп, олардың жұмысқа орналасуына да жағдай жасайды.

Байқау тек колледж студенттері үшін емес, мектеп оқушылары үшін де үлкен мүмкіндік болды. Олар колледждің тыныс-тіршілігімен танысып, болашақ мамандықтары туралы ақпарат ала алды.