Биыл ұлттың біртуар перзенті Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Осыған орай өңір-өңірде атақты композиторға арналған кештер өтуде. ШҚО филармониясы да мерейтойды атап өтті. Көрермен әсем әннің әуеніне шалқыды.

 «Өз елім менің – Өзегім менің, Жырыма қосып жүремін». Бұл жолдарды білмейтін талғамды тыңдарман кемде кем. Сазгерлігінен бөлек күйшілігі де ел аузында, ұрпақ жадында. Нұрғиса Атабайұлы құрған әйгілі «Отырар сазы» оркестрінің негізінің қалануы бір кітапқа тарих. Қазақ этнографиясына өлшеусіз үлес қосқан композитордың мәдени мұрасы әлі де әлем классиктерінің таңдайын қақтырады.

Тілендиев ұмыт болған қазақ күйлерін көпшілікке танылтып қана қоймай, қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ секілді аспаптарды қайта жарыққа шығарды. Сол уақытта «Қазақфильм» киностудиясында шыққан атақты фильмдердің музыкасын жазды.

Өңірдегі мәдениет қызметкерлері сазгер мерейтойы жыл көлемінде аталып өтетінін жеткізді.