Өскемендегі қоғамдық көлік тізгінін ұстаған жалғыз әйел - Әлия Ақмолдина. Ол ауыр жұмысты табысты атқарып, әр сапарына жауапкершілікпен қарайтын маман. 

Әлия Ақмолдинаның жұмыс күні жақсы көңіл күй мен әуезді әннен басталады. Қоғамдық көлікті тізгіндеген азамат қала тұрғындарына да қуаныш сыйлайды. Автобус ішінде керемет атмосфера орнатып, жолаушылардың сапарын ерекше етеді.

Жүргізуші әрбір жолаушыға жайлы жағдай жасауға тырысады. Тіпті олардың қал-жағдайын сұрап, пікір алмасады. Әлия Ақмолдинаны аялдамада асыға күтетін қала тұрғындары да бар. Олар да өз ризашылықтарын білдірді.

Жүргізушінің айтуынша, бұл жолаушыларға деген сыйластық. Әлия Ақмолдина 20 жылдан астам уақыт қоғамдық көлікте кондуктор болып қызмет еткен. Артынша көлік тізгіндеп көруді жөн санайды. Себебі, әкесі мен ағасы өмірін жолаушылар тасымалына арнаған жандар. Солардан үлгі алып, бала арманын орындаған.

Әріптестері де оған құрметпен қарайды. Қоғамдық көлікте тәртіп орнатып, қауіпсіздікті қатаң сақтай біледі, дейді.

Әлия Ақмолдина Семей қаласынан Өскеменге қоныс аударған. Ол алғаш қоғамдық көлік тізгіндеген күнін есінен шығармайтынын жеткізді. Өз ісінің шебері жұмысын табысты атқаратынына сенімді.