Бруцеллез – жүйке, буынды зақымдайтын аса қауіпті инфекция. Көбінесе бұл дерт адамдарға ауру малдан жұғады. Мамандардың айтуынша, аймақта сарып ауруына шалдығатындар жыл сайын анықталып отырады. Мәселен, өткен жылы облыста бруцеллездің қырық жағдайы тіркелген. Олардың көбі ауылдық жерден анықталды. Бұл ауруға көбінесе ер адамдар шалдығатын көрінеді.

Бруцеллез – бұл дұрыс профилактикалық шаралармен алдын алуға болатын, бірақ егер назар аударылмаса, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін жұқпалы ауру. Егер уақытында емделмесе, ауру созылмалы сипатқа айналуы мүмкін. Ал, оның асқынуы жүйке жүйесі мен буындарға зиян келтіруі ықтимал. Бұл ауыр жағдайларда жүрек, бауыр, ішек және көз сияқты басқа органдарға да әсер етеді.

Бруцеллездің белгілері ұзақ уақыт бойы адамға сезілмеуі мүмкін. Ауру ұзаққа созылатын тез шаршау, әлсіздік, дене қызуының көтерілуімен басталады. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында аса қауіпті инфекциялар бойынша талдауларды жүргізетін жалғыз зертхана – облыстық ұлттық сараптама орталығы. Бұл жерде сарып ауруынан бастап түрлі жұқпалы аурулардың инфекциялары да зерттеледі.

Бруцеллездің алдын алу үшін мамандар ет-сүт өнімдерін дұрыс өңдеуді, малды жыл сайын ветеринарлық тексеруден өткізіп отыруды және жеке бас гигиенасын сақтауды ұсынады.