Облыстық экология департаменті өткен жылды қорытындылады. Департамент басшысының міндетін атқарушы Азамат Тәуірбеков өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспармен де бөлісті.

Облыстық экология департаментінде қоршаған ортаның сапасын жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда ең маңызды бағыттардың бірі – өңірдегі экологиялық мәселелерін кешенді түрде шешу. Оған атмосфералық ауаны қорғау, су ресурстарын сақтау, қалдықтарды басқару және басқа да тәсілдер кіреді.

Облыс көлемінде ең ірі жобалардың бірі – коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеу. Қазіргі уақытта мұндай бағдарламалар тек Өскемен қаласында жұмыс істейді.

Сонымен қатар экологиялық жағдайды бақылау шаралары да назардан тыс қалмайды. Өскеменде өткен жылы көлік құралдарына 114 тексеріс жүргізіліп, шығарылатын газдардың рұқсат етілген деңгейден асуы анықталды. Бұдан бөлек, су нысандарын тоқсан сайын бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асуы байқалмаған.