Әйел заты – сұлулық пен нәзіктік қана емес, ерлік пен батырлықтың да символы. Ошақ басында жайлылық қана орнатып қоймай, Отан үшін отқа түскен қыздар да бар. Олар бүгінде зейнетте болса да, ел мен жердің амандығына тілекші. Сегізінші наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай әскерилер қаладағы бірнеше соғыс ардагерін құттықтап қайтты.

Анастасия Светочева 1922 жылы дүниеге келген, бүгінде 103 жаста. Ардагер 1942 жылы әскерге шақырылған. Соғыс кезінде Ленинград қаласындағы 26-шы жеке Қызыл Ту байланыс полкінде қызмет етті. Кейін туған жеріне оралған.

Александра Саратовцева нәзік болмысына қарамастан соғыстың барлық ауыртпалықтарын бастан өткерген. Ғасыр жасаған ардагер соғыс жылдарында құрылыс бригадасында жұмыс істеген. Алты ай бойы Днепр арқылы өтетін көпір құрылысына қатысқан. Кейін елге оралып, балабақшада және мектепте комендант болып жұмыс істеді. Александра Саратовцеваның қызы әскери қызметшілерге алғысын білдірді.

Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері ардагерлерді құттықтап, олардың ерліктері мен өмір жолы жас ұрпақ үшін үлгі екенін айтты.

Ардагерлерге көрсетілген құрмет – олардың ерен еңбегінің бағалануының айқын көрінісі.