Облыста жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары қарқынды. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, оқушылармен тәрбие жұмысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, мектептерде буллингтің алдын алуға және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы сабақтар мен тренингтер өткізіледі.

Облыстың барлық мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жоспары әзірленген. «Қауіпсіздік сабағы» аясында оқушылар төтенше жағдайларда өзін-өзі қорғау және әрекет ету негіздерін меңгереді. Сонымен қатар, мектеп ғимараттарының қауіпсіздігі жүйелі түрде тексеріліп, ақпараттық стендтерде жедел жәрдем мен сенім телефондарының нөмірлері орналастырылған.

Жүргізілген шаралар нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс 47,4%-ға төмендеген. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құқықбұзушылықтың нақты деңгейін анықтау үшін мектепішілік есепке алу жүйесін күшейту қажеттігін атап өтті.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жалғасады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ерекше көңіл бөлініп, мектептердегі қауіпсіздік деңгейі күшейтіле бермек.